Алматы қалалық Қан орталығы - Алматы қаласының денсаулық сақтау ұйымдарын қауіпсіз әрі сапалы донорлық қан компоненттерімен қамтамасыз ететін мамандандырылған медициналық ұйым. Орталықтың қызметі ерікті донорлық қозғалысты дамытуға, қанды дайындау және өңдеудің заманауи технологияларын енгізуге, сондай - ақ әрбір пациент үшін трансфузиялық көмектің жоғары деңгейдегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Орталық Алматы қаласы әкімдігінің 2004 жылғы 11 наурыздағы №2/220 қаулысына сәйкес құрылды. 2004 - 2005 жылдары ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, үй - жайлар қайта жоспарланды, кәсіби мамандар ұжымы жасақталды және заманауи материалдық - техникалық базамен жабдықталды. 2006 жылдан бастап Орталық донорларды қабылдай бастады және бүгінгі таңда Алматы қаласының қан қызметіндегі негізгі ұйымдардың бірі болып табылады.
Қызметтің негізгі бағыттары:
- ерікті өтеусіз қан және оның компоненттері донорлығын ұйымдастыру, дамыту және насихаттау;
- донорларды тарту, есепке алу және медициналық іріктеу;
- донорлық қанды және оның компоненттерін дайындау, өңдеу және өндіру;
- әрбір донацияға заманауи диагностикалық әдістерді қолдана отырып зертханалық тексеру жүргізу;
- пациенттерге иммуногематологиялық зерттеулер жүргізу, сондай - ақ жыныс жасушаларының, ағзалар мен тіндердің донорларын АИТВ - ға зерттеу;
- қан компоненттерін сақтау, есепке алу және олардың сапасын барлық кезеңде бақылау;
- Алматы қаласының медициналық ұйымдарын қажетті донорлық қан компоненттерімен қамтамасыз ету;
- денсаулық сақтау ұйымдарында донорлық қан компоненттерін тиімді және ұтымды пайдалануға мониторинг жүргізу.



